Қазақстандағы спорттық қозғалыс әлемдік кеңістікте танымал - Арыстанбек Мұхамедиұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана марафонының әлемдік ауқымда танымалдығы артып келеді. Бұл туралы бүгін елордада қайырымдылық мақсаттағы ірі халықаралық Астана марафонында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

«Кеше өзім куәгер болдым, яғни көптеген шетелдіктер Астана марафонына қатысу үшін елімізге келіп жатты. Бұл өз кезегінде осы халықаралық марафонның әлемдік ауқымда танымалдығы артқанының дәлелі. Сонымен қатар осы ретте Қазақстандағы спорттық қозғалыс әлемдік кеңістікте көрініп отырғанын сеніммен айтуға болады. Сондықтан бұндай маңызды шараларға елімізге келетін меймандар саны артып келеді. Жыл өткен сайын «Астана Марафонының» танымалдығы өсе түсетіндігіне сенімдімін»,-деп тоқталды министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы қайырымдылық мақсаттағы ірі халықаралық  Астана марафонында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов 21,1 шақырым қашықтықты бағындырды. Сонымен қатар бұл қашықтықта марафонның мәре сызығынан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек  Мұхамедиұлы мен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та өтті.

Мәре сызығанан өткеннен кейін К. Мәсімов пен шараға қатысқан бірқатар министрлер және Рио Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері естелік фотосуретке түсті.

А. Мұхамедиұлының сөзіне қарағанда, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов күнделікті таңғы сағат 6-да тұрып, жүгіруге шығады.

«Біз соңғы екі айда Қазақстанның өңірлерін аралаған кезде Үкімет басшысы күнде таңертең жүгіруге шығып жүрді. Мен өз басым кешке қарай жүгіремін. Жалпы, бүгінгі жүгіріп өткен 21,1 шақырымды жақсы қашықтық деп есептеймін»,-деді министр.