Қазақстандағы спорттық нысандар өз шығындарын өтейтін деңгейде болуы тиіс - Д. Назарбаева (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі ірі спорттық нысандар өз шығындарын өтейтін деңгейге шығуы тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева «Алау» мұзайдыны сарайында жаттықтырушылармен және спортшылармен кездесу барысында мәлім етті.

«Мемлекет сіздерден бюджетке табыс әкелуді талап етіп отырған жоқ. Атап айтқанда, қызмет көрсету бағытын дамыту керек. Менеджерлер өз ісінің білікті маманы болуы тиіс, яғни қосымша қызметтерді енгізу, мектептер мен үйірмелерді ашу арқылы табыстың қосымша көздерін іздеу қажет. Спорттық нысандардың әрбір шаршы метрі адамдардың игілігіне жұмыс істеп, сәйкесінше, нысандарды күтіп ұстауға кіріс әкелуі тиіс»,-деді Д. Назарбаева.

Бұл ретте ол бюджеттен қосымша қолдауды күтудің реті жоқ екенін атап өтті.

Сонымен қатар вице-премьер коммерциялық қызмет есебінен қосымша қаржы тарту бойынша кеңес берді. Осы орайда басты мақсат - бюжеттік жүктемені төмендетіп, барша қызметтерді коммерцияландыру.

Мұнымен қоса Д. Назарбаева халықтың әлеуметтік аз қамтылған санаттары үшін спорттық нысандар тегін болуы тиіс екенін еске салып өтті.