Қазақстандағы супермаркеттер «Қазақстанда жасалған» акциясын жалғастырып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы супермаркеттер «Қазақстанда жасалған» акциясын бұрынғысынша жалғастырып жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин мәлім етті.

Жалпыұлттық қозғалыс «Қазақстанда жасалған» акциясын қолдаған алғышқы ұйымдардың бірі екеніне тоқталған Д. Жұмин, ұйым белсенділері супермаркеттер мен жергілікті билікпен байланысқа түсіп, аталған акцияны ел бойынша бастағанын еске салып өтті.

«Осы бағытта отандық өнімді сатып алудың маңыздылығы түсіндірілді. Бұл тұрғыда біз жақында (13-30 сәуір аралығында) мониторинг жүргіздік. Акция өтіп жатқанына үш ай өтті және осы мерзімде қандай нәтижелер бар екенін зерделедік. Біздің белсенділер 222 cупермаркетті аралады, яғни бұлар ірі бөлшек сауда нысандарының 60 пайызын құрайды. Мониторинг нәтижесі бойынша супермаркеттердің 86 пайызға жуығы осы акцияны бұрынғысынша жалғастырып жатқандығы белгілі болды»,- деді ол.

Сонымен қатар Д. Жұмин супермаркеттер әлі де болсын халықты отандық тауарларға назарын аудару ісіне немқұрайлы қарауы басымдау екенін жеткізді. Бұдан бөлек, супермаркеттердің жартысына жауығында қатардағы қызметкерлер «Қазақстандағы жасалған» жарнамасының маңызын түсіндіре алмаған көрінеді.