Қазақстандағы тағайындаулар: Байшақов отандық футболды дамыта ала ма
Шыны керек, соңғы кездері отандық футболда «легионерлер мен олардың жалақылары» деген мәселеге әкімшілік текетірестер де қосылып, осы салада жүрген функционерлерді әбден шаршатты. Федерацияның бұрынғы басшысы Ерлан Қожағапановтың келуімен біраз шаралар жасалады деген жоспар болған еді. Алайда оның арты сұйылып, ішкі дау-дамайларға ұласты. Содан Қазақстанның кәсіби футболы лигасының басшылығы қызметінен кетті. Ал клубтар өз ішінде екіге бөлінді. Артынан бәрі тынышталғандай болды. Бірақ «Ақтөбе» клубының бас бапкері, ресейлік маман Васильев мырза жемқорлық үшін ұсталды» деген шұғыл ақпарат футбол жанкүйерлерді «төбеден жай түскендей» әсерде қалдырды, тағы көптеген болжамдар мен пайымдаулар жасалды. Е.Қожағапановтың өзі болса, шетелде білім аламын деп, өз қызметінен кетті. Алайда қай университетте оқып, қандай мамандық бойынша білім алатынын тіс жарып, айтқан жоқ. Мейлі, осымен отандық футболды «дүр сілкіндірген» кезең өтті деп сенеміз. Себебі федерация басшылығына менеджер емес, нағыз спортшы, Қазақстанның үздік футболшысы келіп отыр.
Сейілда Байшақов спорттағы уақыттың басым бөлігін «Қайрат» командасында өткізді. 300-ге тарта матчқа қатысқан ол қазақстандық футболдың мақтанышы болып саналады. Байшақов «Қайратқа» Александр Севидовтың шақыруымен келген болатын. 1971 жылы ленинградтық «Зинитпен» ойында негізгі құрамда шықты. Көп жылдар бойы ол команданың капитаны және көшбасшысы болды. 1981 жылы спорттық мансабын аяқтағаннан кейін «Қайраттың» бас бапкерінің көмекшісі қызметін атқарды. С.Байшақов - «Қазақстанның үздік футболшысы» деген мәртебеге ие болған спортшы. 2007 жылдан бері ол Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті қызметін атқарып келген.
«Білдірген сенімдеріңізге, құрметтеріңізге үлкен алғысымды айтамын. Сенімдеріңізді жоғары бағалаймын. Өз тарапымнан қазақстандық футболды дамыту үшін барлық күш-жігерімді саламын. Алға қойылған міндеттерді лайықты орындап, биік мақсаттарға жетіп, жаңа шыңдарды бағындыру үшін футболды сапалық жаңа деңгейге көтеретінімізге сенімдімін», - деп атап көрсетті Сейілда Байшақов федерацияның XIV кезектен тыс сайлау конференциясында. Әрине, бұл қызметте оған менджерлік өнер де қажет болады. Алайда отандық футболға деген жанашырлығы арқасында федерацияның басшысы Қазақстанның теңбіл добын биікке әуелете алады деген сенім бар.
Ал мемлекеттік аппараттағы тағайындауларға келер болсақ, ағымдағы аптада екі ауыс-түйісті атап өтуге болады. ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы қызметіне Еркін Шаймағамбетов тағайындалса, ҚР Мемлекеттік қызметкер істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұйрығымен Солтүстік Қазақстан бойынша агенттіктің Жемқорлықпен күрес ұлттық бюро департаментінің басшысы міндетін уақытша атқарушы болып Нығмеджан Сапаров бекітілді.