Қазақстандағы танымал әйелдер өздерінің жақындарынан қандай сыйлық күтпек?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы танымал әйелдер, қоғам қайраткерлері ҚазАқпарат тілшісіне өздерінің туыстары мен жақындарынан қандай сыйлық күтетінін айтып берді.

Елорда әкімінің бұрынғы орынбасары, Астана қаласы «Есіл» ауданының әкімі Сабила Мұстафина немерелері табыстайтын сыйлықтар ерекше ыстық екенін сөз етті.

«Мен негізі тасбақаларды жақсы көремін. Күйеуім 8 наурызда әрдайым маған тасбақа сыйға тартуға тырысады. Немерелерім түрлі тақырыптарда салған суреттерін сыйға тартады. Ұлым қазір шет елде болғандықтан, сол күні «Скайп» желісі арқылы құттықтайды. Ал әріптес ер азаматтар гүл сыйлайды», -деді аудан әкімі.

Ал ҚР Парламент Мәжілісінің төртінші және бесінші шақырылымының депутаты Гүлжан Қарақұсова әрдайым айналаңдағы қоршаған адамдардың назарында болған маңызды екенін жеткізді.

«Гүл сыйлаудың өзі үлкен сыйлық деп бағалаймын. Бастысы - өзіңнің жанындағы адамдардың назарында болу ең үлкен сыйлық болып табылады. Қазір маған гүл сыйлап, құттықтаулар айтып жатыр және осы ізгі ниеттерді мен өте жоғары балап тұрмын. Егер де айтылған тілектер шын жүректен жеткізілсе, бұдан басқа сыйлық керек емес»,-дейді Г. Қарақұсова.

Бұдан бөлек, «Expo & Women» (халықаралық әйелдер ұйымы) президиумның төрайымы, «Жасыл экономика үшін және G-GLOBAL-ды дамыту» коалициясы басқармасының төрайымы Салтанат Рахымбекова да сыйлық ретінде гүлдерді қалайтынын атап өтті.

«Мен гүлдерді өте жақсы көремін. Себебі, сыйға гүл алған кезде адамдардың саған деген сыйластығын байқайсың. Осы орайда маған тосын сый жасағанды ұнатамын. Гүлшоқтардың үлкен немесе кішкентай болуы маңызды емес, ең бастысы жақындарыңның назарында болу. Сонымен қатар сыйлықты табыстаған адамның көз жанарына ерекше мән беремін. Яғни, адамдардың қандай пейілмен саған гүл сыйлап жатқанын көру керек. Әрине, өте үлкен сыйлық - ол жақындарыңның назары, ал сыйлық екінші кезекте»,-деді ол.