Қазақстандағы тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттарды енді Сауда-өнеркәсіп палатасы береді

АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Астанадағы Ұлттық баспасөз орталығында  ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының тауарлардың шығу тегі туралы сертификатты рәсімдеу және беру қызметі мәселелеріне арналған баспасөз мәжілісі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Аталған шараға ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Мұхтархан Бияров, ҚР Индустрия және сауда министрлігінің  Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Аманияз Ержанов, Қазақстандағы Еуропалық комиссия өкілдігінің басшысы  Норбер Жустен, Германияның Орталық Азиядағы экономикалық өкілдігі басшысының орынбасары, Қазақстандағы өкіл Ғалия Жүнісәлиева қатысты.

Шара барысында сөз алған ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті М.Бияров  ағымдағы жылы Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда-өнеркәсіп палаталары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес тауарлардың шығу тегі туралы сертификатты беру құзыры палатаға берілгенін атап өтті.

Оның айтуына қарағанда, бұған дейін осы қызметті ҚР Индустрия және сауда министрлігінің  Техникалық реттеу және метрология комитеті атқарған және үрдіске бақылау жүргізуді де қоса атқарып келген.  Ал тауарлардың шығу тегі туралы сертификатты беру жөніндегі халықаралық нормада екі органның қызметі қарастырылған, яғни бірі серфикатты берсе, екіншісі бақылауды жүзеге асырады.  Осыған орай ҚР Үкіметі заңда қайшылықтар орын алмауы үшін және халықаралық стандарттар талабына сай болу үшін әлемнің көптеген елдерінде сияқты сертификатты беруді палатаға, бақылауды жүзеге асыруды комитетте қалдыруға шешім шығарған.