Қазақстандағы тері бұйымдары көлеңкелі айналымнан шығарыла бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы тері бұйымдары көлеңкелі айналымнан шығарылып, салық төлеушілер бюджеттік түсімді айтарлықтай арттыра бастаған. Бұл туралы бүгін елордадағы тері бұйымдарын (қымбат тондарды) сататын сауда нүктелеріне рейд жұмысы барысында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы Нұрдәулет Орынтай мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«2017 жылдың 27 қарашасында Қазақстанда тері бұйымдарды таңбалау (маркировка) бойынша пилоттық жоба іске асырылған. Оның негізінде комитет тарапынан тері бұйымдарды таңбалау бойынша салық төлеушілерге үш ай уақыт берілген. Жоба бойынша біз тері бұйымдарының есебі мен таңбалауы жүргізіліп отыратын тиісті ақпараттық жүйені жасап шығардық. Сонымен қатар, тұтынушылар сатып алғысы келген тері бұйымдары туралы толыққанды ақпарат салынған мобильдік қосымша жасалды. Мобильдік қосымша арқылы тауардың сапа бойынша құрамынан ақпарат ала аласыз», - дейді Нұрдәулет Орынтай.

Комитет өкілінің айтуынша, осы жоба іске асырылған кезден бастап терең талдау жүргізілген.

«Қазірге дейін 300 мыңға жуық тері бұйымдарды таңбалауға өтінім берілді. Әу баста біз өтінім берілетін тері бұйымдардың саны ары кетсе 100 мыңға жетер деп болжағанбыз. Алайда өзіңіз көріп отырғандай, болжамды көрсеткіш 200 пайызға асып кеткен. Олардың ішінде біздің болжам бойынша, 200 мың тері бұйымы көлеңкелі айналымда жүр. Осылайша, бұрын білінбеген тондар көлеңкелі нарықтан сыртқа шыға бастады. Сәйкесінше, бұл біздің бюджетке келетін түсімді арттырып жіберді», - дейді ол.



    

Жобаның бюджетке әсер еткені де рас. Комитет өкілінің айтуынша, баж салығы мен салықтар соңғы айларда 47 миллион теңгеге көбейген.

«Таңбалаудың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, бұл механизм көлеңкелі айналымға айтарлықтай тосқауыл қояды. Оның негізгі басымдығы - тұтынушыға тауардың сапасы туралы шынайы ақпарат бере алуы. Тері бұйымдарын сатып алғысы келетін кез келген адам «Плей маркетке» кіріп, мобильдік қосымшаны жүктеп ала алады. Мобильдік қосымша «Маркировка KZ» деп аталады. Осы қосымша кис нөмірі арқылы немесе тауардың куардкодын сканерлеу жолымен тауардың сапасын тексере аласыз», - дейді ол.
 

Қазіргі уақытта салық төлеушілер қатаң бақыланып, тексеріліп жатқан жоқ. Яғни, оларға осы жүйені үйреніп, жұмысында қолдану бейімділігіне әлі де уақыт берілген.

«Қазір былайша айтқанда оқыту үрдісі жүргізіліп жатыр. Ал келешекте пилоттық жоба алынып тасталғаннан кейін біз тексеріске шыға бастаймыз. Таңбалау бойынша ол кезде бақылау жүргізілгенімен, қазір оларға мүмкіндік беріп отырмыз», - деп түйді Нұрдәулет Орынтай.