Қазақстандағы ТКШ жаңғырту бағдарламасы жүзеге аспады - Т. Рақымбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы жүзеге аспады. Мұндай пікірді бүгін өткен «Қазақстандағы инновациялық құрылыс индустриясы және энергия тиімді ТКШ» IV Халықаралық конференциясында «ТКШ жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков айтты.

«Бағдарлама іске аспады. Ол ешбір индикатор бойынша межелі жеріне жетпеді. Жалпы бағдарламаларды қабылдаудың өзі біздің елде кері кетіп барады. Олар көбіне инвестициялық жобалар жиындығына айналды, шын мәнінде олар қандай да бір саланың белгілі бір мәселесін шешудегі жолдар мен тетіктердің жиынтығы болуы керек еді. Бағдарламаларды қандай да бір маңызды мәселесі бар салаға арнап қабылдау қажет» - деді ол.

Оның айтуынша, инвестициялық жобалар бағдарламалардың шығынын жаба алмайды.

«Бюджет қаражаты жетіспеуде. Біздің санауымыз бойынша жыл сайын еліміз бойынша жөндеу жұмыстарына 100-ден 300 млрд. теңге қажет екен. Тағы 100 млрд. пайдаға беру жұмыстарына кетеді. Бюджетімізде осынша қаражат бар ма? Бар болуы неғайбыл. Дегенмен мен бұл жерде осының барлығын меншік иелерінің иығына арту керек деп тұрған жоқпын. Мемлекет туралы да сөз басқа. Түрлі инвестициялық жобаларға шашқан ақшаны шын зәру адамдарға беру керек», - деп атап өтті ол.

Оның мәліметінше, ТКШ жаңғырту бағдарламасы бойынша жыл сайын 26 млрд. теңге бөлінеді, ал өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 10 млрд. теңге қарастырылған.

«Мәселе тіпті осы ақшада да емес, мәселе соларды қалай тиімді пайдалануда. 26 млрд. ешқайда жетпейді, жылына кем дегенде 200 млрд. қажет. Бұл жерде түрлі тетіктер қажет. Егер банктің несиелік пайызы 15 пайыз болса, мемлекет тарапынан субсидиялау арқылы оны неге 4 пайызға дейін түсірмеске? Екіншіден, қаражатты толықтай төлеу кімнің қолынан келеді? Менің ойымша тұрғындардың тең жартысы төлеу мүмкіндігіне ие. Ал төлей алмайтындарға тұрғын үй көмегі шоты арқылы жергілікті бюджет қолұшын беру қажет», - деді төраға.