Айта кетейік, Чу Ионг-Мин 1987 жылы Корея Республикасында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты.
«Қазақстанда оқып жатқаныма үш болды. Кореяда 97 пайыз кәрістер тұрады. Ал Қазақстанға алғаш келгенде, мемлекеттің көп этносты құрамы маған қатты әсер етті. Әлемнің бірқатар шет елдерінен білім алдым, бірақ олардың ішінен халықтың бірлігі мықты Қазақстанды таңдадым. Мені осы жердегі татулық, теңдік, ауызбіршілік таңғалдырады. Қазақстан кәрістері осы елдің шынайы патриоттары, белсенді қоғам мүшесі екендігіне көзім жетті. Жергілікті кәрістердің арасынан 60-тан астам ғылым докторы, 400 ғылым кандидаты шыққаны мені қатты қуантты», - деді қазақ тілін еркін меңгерген Оңтүстік Кореядан келген жас ғалым.
Осы орайда Чу Ионг-Мин Қазақстанның көп ұлтты қоғамы және Қазақстан халқы Ассамблеясы тақырыбын зерттеп жүргенін атап өтті.
«Мақсатым - Корея сияқты моноұлтты мемлекеттерге Қазақстандағы ұлтаралық келісімді кеңінен таныту», - деді ол.
Чу Ионг-Мин Сеуілде қазақ тілін үйреніп, Қазақстанда жетілдіргенін айтты. Кореяда Қазақстанды таныту шаралары өтіп тұрады. Ұлы Даланың табиғатын, туристік тартымдылығын танытатын хабарлар, қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіліп келеді.
«Негізі, қазақтар мен кәрістердің түрлері өте ұқсас. Маған көшеде көп жағдайда қазақша сөйлейді. Достарым мені Баян деп атайды. Олар менен кейде «Қозы Көрпешің қайда?» деп әзілдеп сұрайды. Мен оларға : «Қозы мені іздеп жүрген шығар» деп жауап беремін. Мүмкін Қозыны Қазақстаннан табармын», - деп әзілдеді Чу Ионг-Минг.