Қазақстандағы ұлттық стандарттардың 72 пайызы халықаралық талаптарға сай келеді - Техникалық реттеу және метрология комитеті

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстандағы ұлттық стандарттардың жартысынан көбі халықаралық талаптарға сай келеді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен жиын барысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Шынар Қазыбаева мәлім етті.

Оның хабарлауынша, бүгінде ұлттық стандарттардың саны 4 мыңнан асты. Оның 3 мыңнан астамы, яғни 72 пайызы халықаралық талаптарға сай келеді. «Негізі, бүгінде аккредитация саласында Қазақстанның жеткен жетістіктері аз емес. Қазақстандағы аккредитацияны жүргізетін мекеме ТМД елдері ішінде бірінші болып, зертханаларды аккредитациялау жөніндегі Халықаралық ұйымға (ILAC) мүше болды. Қазіргі кезде бағалау саласындағы аккредитация органдарының Бүкіләлемдік қауымдастығына қосылу бойынша тиісті жұмыс атқарылып жатыр», - дейді Ш. Қазыбаева. Комитет төрағасының орынбасары атап көрсеткендей, бүгінде Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 2013 жылға мемлекеттік стандарттау жоспары әзірленді. Оның аясында тағы 500-ден астам стандарт жасалады.