Қазақстандағы үш әуе компаниясы авиациялық қызметпен айналысу құқығы сертификатынан айырылды - ҚР ККМ

АСТАНА. 17 шілде. ҚазАқпарат - Үш қазақстандық әуе компаниясы «D.E.T.A. Air», «МЕГА» және «ҚазЭйр Уэст» ұшуды жүзеге асыруға рұқсат беретін сертификаттан айырылды, деп хабарлады primeminister.kz сайты Көлік және комуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚР ККМ Азаматтық авиация комитеті қызметкерлері ИКАО сарапшыларымен бірлесе отырып жүргізген қайта сертификаттау нәтижесінде «D.E.T.A. Air» АҚ, АК «МЕГА» АҚ және «ҚазЭйр Уэст» АҚ әуе компанияларының ұшуды жүзеге асыруға рұқсат беретін сертификатын қайтарып алды», - делінген ведомство мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, бұл шаралар компаниялардың өз қызметтерін сертификациялық талаптарға сай жүргізбеуіне орай қабылданып отырғаны айтылған.

Бұдан өзге, сертификациялық тексерулер бойынша анықталған ескертулерге сәйкес, атап айтқанда компания штатындағы қызметкерлер санының аз болуы, ұшу құжаттарының, инженерлік-техникалық қызмет көрсетудің талаптарға сай болмауына орай 5 әуе компаниясының «Samal Air» АҚ, «Азия Континенталь Эйрлайнс» АҚ, «Евро-Азия Интернейшнл» АҚ, «Семейавиа» АҚ және «Irtysh-Air» АҚ пайдаланушы сертификатының жарамдылық мерзімі тоқтатылды.

ҚР ККМ аталған компаниялар берілген ескертулерді ағымдағы жылғы 1 тамызға дейін жоймаған жағдайда олардың сертификаттары өз күшін жоятынын ескертті.

Естеріңізге сала кетейік, халықаралық ұшуларды жүзеге асырумен айналысатын қазақстандық әуе компаниялары мен әуе кемелерін қайта сертификаттау процесі ИКАО-ның ұсынысы бойынша ағымдағы жылдың наурыз айында басталған болатын.

Бүгінгі күні 32 әуе компаниясы, техникалық қызмет көрсетумен айналысатын 29 ұйым және 73 әуе кемесі қайта сертификаттаудан өтті.

Азаматтық авиация комитеті аталған жұмысты тамыз айының соңына дейін толық аяқтауды көздеп отыр.