Қазақстандағы ұтқыр төлем жүйесі қызметі ТМД аумағында тұңғыш рет іске қосылып отыр - Андрей Лабыч

АЛМАТЫ. 4 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Барлық GSM-байланыс оперататорларының абоненттері мен банктердің клиенттері үшін қолжетімді ұтқыр төлем жүйесі қазір ТМД-ның өзге ешбір елдерінде жоқ.

"Intervale" ЖАҚ-ның Атқарушы директоры Андрей Лабыч бүгін Алматыда өткен қазақстандық MyPay kz ұтқыр төлем жүйесі туралы баспасөз мәслихатында осылай айтты.

"Ресейде бұл қызмет жекелеген байланыс операторлары, банктер мен компаниялардың клиенттері үшін ғана қолжетімді болып отыр. Қазақстандағы бірыңғай ұтқыр төлем жүйесінің баламасы ТМД-ның өзге бірде-бір елінде жоқ", - дейді А. Лабыч. Оның айтуынша, тұтынушылар енді төлем жүйесінің интернеттік және мобильді түрлерін салыстырып, өздеріне қолайлысын таңдай алады. Мобильді телефоннан төлем жүйесін қолданушылар үшін интернет не терминал іздеудің қажеті жоқ. Олар кез келген уақытта, кез келген жерде коммуналдық және тағы басқа төлем қызметтерін жасай алады. Енді жыл соңына қарай ондағы қызметтер қатарына мемлекеттік органдардың төлемдері де қосылмақ.