Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілі Бақыт Батыршаев Қазақстан Республикасының Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды.

Сондай-ақ еліміздің Қаржы министрлігіне қарасты Кедендік бақылау комитетінде бірқатар басшылар ауысты. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған кадрлық ауыс-түйіске шолу жасайды.

Сонымен, Қазақстанның Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалған Б.Батыршаев Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінде еңбек етіп, осы ведомствоның Азия және Африка жөніндегі департаментіне басшылық жасаған. 2010 жылдың көктемінен бері Қазақстанның Ислам Конференциясы ұйымындағы тұрақты өкілдігін басқарып, кейіннен еліміздің Сауд Арабиясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалған еді.

Осы аптада ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының бұйрығымен бірқатар тағайындаулар болды. Атап айтқанда, Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы қызметіне Қайрат Бараншинов тағайындалды. Осыған дейін ол Павлодар облысы бойынша кедендік бақылау департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарған болатын. Ол 1968 жылы қазіргі Астана қаласында дүниеге келген. Целиноград темір жол көлігі техникумын, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Әр жылдары Қостанай облыстық кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары, «Қорғас» кедендік бекетінің бастығы, ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің бөлім бастығы қызметтерін атқарған.

Ал Жамбыл облысы Кедендік бақылау департаменті «Қордай» кеденінің басшысы қызметінен Ержан Абдрахманов босатылып, оның міндетін атқарушы болып Тұрсынбек Ермеков тағайындалды. Ол бұған дейін ШҚО бойынша департаменттің «Бақты» кеденінде басшылық еткен еді. Ал оның алдында «Қордай» кедені бастығының орынбасары болған.

Бұдан бөлек, Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің «Қорғас» кеденінің басшысы қызметінен Совет Жүнісбеков босатылды. Бұл кеденге басшы міндетін атқарушы болып Нұрлан Әзімбаев тағайындалды. Осыған дейін ол «Достық» кеденінде басшы лауазымында болды. Шығыс Қазақстан облысындағы «Майқапшағай» кеден бекетіне басшылық жасаған еді.

Ал «Достық» кедені басшысының міндетін атқарушы қызметіне Мәлік Шайғалиев тағайындалды. Бұл қызметке дейін ол «Қордай» кеденінің «Қордай кедендік рәсімдеу орталығы» кедендік бекетінің басшылығында болды.