Қазақстандағы жаңа визалық жүйе Қытайдағы қандастарымыздың елге оралуына тосқауыл болып отыр - Б. Тілеухан
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі болған ұлт лидері -Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаев тұлғасының сан қырының бірі - тарихи отанына қандастарымызды қайтару жөніндегі саясаты болатын. Сол орайда, мемлекет қазынасынан қаражат бөлу, қамқорлық жасау, әртүрлі жеңілдіктер қарастыру арқасында Тәуелсіздіктен бері миллионға жуық адамға халық санының көбеюі - бұл бабалар арманының жүзеге асуы. Германия, Израиль секілді мемлекет тарихы терең елдер баратын бұндай қадамға Қазақстан секілді жас мемлекеттің кірісуі Елбасының ерекше көрегендігінің, батылдығының көрінісі деп баға беруге әбден болады. Дегенмен, ендігі уақыт ағымынан туындаған көші-қон саласындағы қайсыбір шаралар бізді ойландыруға жетелейді», деді Б. Тілеухан.
Оның айтуынша, жақында Қытайдан атамекенге ат арылтып әрең жеткен бір топ қандастарымыз елден кері қайтуға мәжбүр болған. Бұған себеп - виза және тіркеу жүйесіндегі өзгерістер. Депутат жалпы шетелдіктердің визасын себепсіз созбау, олардың елімізде заңсыз жұмыстануына тосқауыл қою үшін ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алып қарағанда бұндай өзгерістерді дұрыс шара деп санайды. «Алайда бұл талапты Атамекенге іңкәр қандастырымызға қоюымыздың көш қарқынына кері әсері орасан болмақ», деді депутат.
«Тоқтала кететін жайт, бұған дейін шетел азаматының төлқұжатын тіркеу, қажетті жағдайда виза беру жұмыстарын қалыптасқан үрдіске сай ҚР Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы атқарып келген болатын. Біздің елде ғана емес, әлем елдірінің көбінде осы тәртіп сақталады. Ағымдағы жылғы наурыздың 1-інен бастап шетел азаматтарына жеке сапар іскерлік визалар беру құзіреті Сыртқы істер министрлігінің құзырына тиесілі болып шешілген. Ал шетелдіктерді тіркеу және елден шығу визасын беру бұрынғыдай көші-қон полициясына жүктелген. Бұл жағдай ең алдымен Қытайдан келетін қандастар үшін үлкен қолайсыздықтар тудырып отыр», деді Б. Тілеухан. Оның сөзіне қарағанда, көші-қон полициясына барған қандастырымызды ондағылар Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментіне сілтеп шығарып салады. Ал Консулдық қызмет департаментіндегілер Қытайдан келген қазақтардың жеке сапар визаларын ұзартпай, келген визамен кері қайтарады екен. Осылайша, екі аралықта елге шығып-кіру визасын ала алмай жүрген қандастарымыз «бүгінгі күні бұрынғы күніне зар боп қалған».
Депутаттың айтуынша, негізінен еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қытайда тұратын қандастарымыз елге тек қана туысшылау жолымен келіп, осында тұрақтап қалатын. Екі ел арасындағы көші-қон келісімінің болмауы арғы жақтағыларды осындай жолмен елге келуге мәжбүрлейтін. Ал 20 жылға жуық уақыттан бері тек осы жолмен Отанына келіп, азаматтық алып, Қазақстанында орныққан қандастар 100 мыңдап саналады екен. Бұндағы ең басты қолайлылық көші-қон полициясы тарапынан берілетін көпмәрте және бірмәртелік шығып-кіру визасы болатын және бұның өзі арғы жақтан келген қандастарымызға Қытайда қалған отбасы, бауыр-туыстарын елге жеткізуге мол мүмкіндік беретін. Ендігі жерде жаңа визалық жүйе бұған тосауыл болып отыр.
«Қазіргі енгізілген тәртіп бойынша тіркелген адам бірден азаматтық алуы керек, олай болмаса мәселе «келген жағыңа қайта бер» деген жағдайға тіреліп тұр. Жалпы, Қытайдағы 1,5 млн. қандастырымыз қолына қытай төлқұжатын әзер дегенде алып, Қазақстанға келіп жеткенде оларға келімсектермен бірдей қараған қаншалықты орынды?! Визалық жүйеге қандай да бір өзгеріс жасағанда өз қандастырымыздың мүддесі айрықша ескерілуі керек. Елбасының 2015 жылға дейін халық санын 20 млн. адамға жеткізу туралы ғаламат стратегиялық саясаты «кез келген ел үшін басты байлық - адам» деген қағиданың маңызын айқындай түседі», деген депутат Б. Тілеухан шетелдегі қандастырымыздың Атамекеніне оралуына қолайлы жағдайлар жасалуы үшін бірқатар ұсыныстарын алға тартты.
«Бірінші, еліміздің Қытайдағы консулдық және визалық қызметтеріне ол жақтағы қандастырымызға ешбір кедергісіз бір жылға көпмәрте виза беруін; екіншіден, Қытайдан келіп аржақта қалған туыс-туғандарын елге әкелемін деушілерге еш кедергісіз көші-қон полициясы тарапынан арнайы шығып-кіру визасының берілуін; үшінші, елге келген қандастырымызды уақытша және тұрақты тіркеу үшін арнайы жеңілдетілген жүйе немесе арнайы құрылған орталықтарда (бейімдеу орталықтарында) тіркеуге алып, олардың азаматтық алуына қолайлы мүмкіндіктер жасалуын; төртінші, шетелде тұрып, сол елдерде зейнеткерлікке шыққан қандастарымыздың елге оралғандарына ықтиярхатпен тұруына мүмкіндік беруін қарастыру қажет», - деді Б. Тілеухан.
Үкімет басшысының атына жолданған сауалға бірқатар депутаттар қол қойған.