Қазақстандағы жас ғалымдардың 44 пайызы баспанамен қамтамасыз етілген
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан Жас ғалымдар кеңесінің «Қазақстанның жас ғалымдары: әлеуметтік бейнеге негіздеме» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында айтылды.
«Жас ғалымдардың әлеуметтік-экономикалық өмірі жағдайындағы басты мәселе - баспана. Зерттеу кезінде сұралған 40 жасқа дейінгі жас ғалымдардың 44 пайызы баспанамен қамтамасыз етілгені анықталды. Ал 25 пайызы пәтер жалдап тұратыны, 21 пайызы - ата-анасымен, 6 пайызы - жатақханада және 1 пайызға жуығы ипотекаға алған үйлерінде тұратыны белгілі болып отыр», - дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Айдос Алтынбеков.
Әлеуметтанушының айтуынша, баспанамен қамтамасыз етуде ең жоғарғы көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында (75 пайыз). Пәтер жалдап тұратын ғалымдардың дені Алматы қаласы мен Ақтөбе облысында болса, Оңтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш ең төмен. Сондай-ақ өзінің өмір сүру жағдайына толық қанағаттанатын жас ғалымдардың саны 2008 жылы 26 пайыз болса, 2012 жылы ол 33,6 пайызды құрады. Тұрмыстық жағдайына қанағаттанбайтындардың үлесі 22,7-ден 19,5 пайызға дейін төмендеді.