Бұл туралы бүгін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Жеңіс Қасымбек мәлім етті. Еске сала кетейік, отырыс барысында «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатының шеңберіндегі көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланған болатын.
Министр орынбасарының сөзіне қарағанда, 2014 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жергілікті маңызға ие жолдардың 37 пайызы қанағаттанарлықсыз деңгейде екені анықталған. Соның ішінде Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш тіпті 50 пайызға дейін артып кеткен.
«Осыған байланысты біз жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, облыстық, аудандық жолдардың техникалық жағдайын жақсартуға қатысты жұмыстарды атқармақпыз. Бұл ретте жергілікті маңызға ие жолдарды қаржыландыру мөлшері ағымдағы жылы 80 млрд. теңгеден асатын болса, соның ішінде республикалық бюджеттің нысаналы сипаттағы трансферттері 17,5 млрд. теңгені, жалпы сипаттағы трансферттер көлемі 25,3 млрд теңгені, ал жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыру көлемі 37,5 млрд. теңгені құрамақ. Тұтастай алғанда, қарастырылып отырған қаражатқа республиканың барлық аумақтары бойынша жол-жөндеу жұмыстарының барлық түрлерімен 2,5 мың шақырым автожолдар қамтылады», - деді Жеңіс Қасымбек.
Бұдан бөлек, министр орынбасары кейбір өңірлерде жергілікті бюджет есебінен жолдардың жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанына да назар аударды. Мәселен, оның сөзіне қарағанда, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстары соңғы жылдары 10 млрд. теңгеге дейін қаражатты жолдардың сапасын жақсартуға жұмсап келеді. «Ол облыстарда жергілікті маңызға ие жолдардың жағдайы Қазақстанның басқа өңірлеріне қарағанда айтарлықтай жақсы», - деді Ж. Қасымбек.