Қазақстанды 72 күн аралаған жұп 240 құстың түрін таспалап, маңызды челленджге үлес қосты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанды 72 күнде көлікпен аралаған Ғалым мен Айжан Байтімбет 15 100 шақырым жол жүріп, құстардың 240-қа жуық түрін кездестірген. Оның кемінде 30-ы Қызыл кітапқа енген. Ғалым Бәйтімбет Kazinform тілшісіне сирек құстармен кездесуі мен ел табиғатын зерттеуден алған әсерін айтып берді.

Фото Ғалым Бәйтімбеттің жеке архивінен

— Ғалым, идея қалай пайда болды? Бастапқыда Маңғыстауға баруды жоспарлаған екенсіздер.

— Айжан екеуіміздің отасқанымызға тоғыз жыл болды. Мен химиялық инженермін, Айжан — графикалық дизайнер. Кейінгі бірнеше жылда елімізді жиі аралап, жабайы табиғатқа, әсіресе құстарды бақылауға қызыға бастадық. Ал екі жыл бұрын оларды суретке түсірумен белсенді айналыстық.

Фото: Ғалым Бәйтімбет

Биыл жазда демалысты қалай өткізетінімізді ойладық. Шетелге барғымыз келмеді, оның үстіне елімізді көлікпен аралауды көптен бері армандап жүргенбіз. Маңғыстауды қатты жақсы көреміз. Ақтауға бірнеше рет ұшып барғанымызбен, өңірді көлікпен өз бетімізше зерттеуге мүмкіндік болмаған еді.

Алғашында Алматыдан Маңғыстауға баруды жоспарладық. Кейін жолай қызықты жерлерге тоқтап, құстарды бақылап, табиғатты зерттеуге болатынын ойладық. Сөйтіп, сапар ауқымын кеңейтіп, Қазақстанның басқа өңірлерін де аралауды ұйғардық.

Фото: Ғалым Бәйтімбет

— Демек, сапарларыңыздың бағытын құстарға деген қызығушылық айқындаған. Оларды бақылау несімен қызық?

— Құстар әлемі өте қызықты әрі алуан түрлі. Күнделікті көріп жүрген құстардың өзіне мұқият қарасаң, олардың мінез-құлқы мен тіршілігінен көп нәрсе байқауға болады.

Фото: Ғалым Бәйтімбет

Бірте-бірте құстарды бақылауға қызығушылығымыз артып, оларды суретке түсіре бастадық. Бұл үшін құстың қайда мекендейтінін, немен қоректенетінін, қандай жағдайда кездесуі мүмкін екенін білу маңызды. Кейде белгілі бір құсты көру үшін ұзақ күтуге тура келеді.

Қазір саяхатқа шыққанда тек көрікті жерлерді тамашалап қоймай, сол аумақта қандай құстар мекендейтінін зерттейміз.

— Құстарды суретке түсіру оңай емес. Сапардан кейін сізде шамамен 30 мың фотосурет жиналған екен. Олардың ішінде құндысы қайсы?

— Құстарды суретке түсіру үшін шыдамдылық қажет. Олардың қозғалысын бақылап, қолайлы сәтті күту керек. Кейде құс жақыннан көрінбейді, кейде бір сәтке ғана ұшып өтіп, кадрға түсіріп үлгермейсің.

Менің өзімде шамамен 30 мың фотосурет бар, Айжанда да соншаға жуық. Қазір оларды біртіндеп өңдеп жатырмыз.

Біз үшін фотосуреттің құндылығы оның әдемілігімен өлшенбейді. Кейбір кадрлар бұрын кездестірмеген құсты алғаш көрген сәтімізді еске түсіреді, енді бірі сол жердің табиғаты мен сапардағы оқиғаларды сақтап қалады. Болашақта осы материалдар негізінде шағын фотокітап шығарғымыз келеді.

— Сирек құстарды іздеп, адам аяғы сирек жететін жерлерге барған екенсіздер. Сапар барысында қандай қиындықтар болды?

— Біз адамдар сирек баратын жерлерге жетуге тырыстық. Елімізде асфальтталған жақсы жолдар көп болғанымен, мұндай аумақтарға кейде ұзақ қашықтықты жолсыз жермен жүріп өтуге тура келеді.

Сапар барысында бірнеше рет дөңгелегіміз бүлінді, балшыққа баттық. Көлікті шығару үшін бірнеше сағат бойы қазған кездеріміз де болды. Бақытымызға орай көлігіміз барлық сынақтан өтті.

Мұндай сапарда жол жағдайы мен ауа райын ескеріп, көліктің мүмкіндігін бағалау маңызды. Табиғатты зерттейміз деп қауіпсіздікті ұмытуға болмайды. Соған қарамастан, сапардың әсері жақсы болды.

Жолда басқа автосаяхатшылармен, ұлттық парктер мен қорықтардың инспекторларымен, ауыл тұрғындарымен таныстық. Көпшілігі саяхатымызға қызығушылық танытып, жылы қарсы алды.

Фото: Ғалым Бәйтімбет

— Алдағы уақытта осы сапарды жалғастыру немесе құстарды бақылауға қатысты қандай жоспарларыңыз бар? Қазақстандықтардың табиғатқа қызығушылығын қалай арттыруға болады?

— Әлеуметтік желіге алғашқы видеомызды жариялағаннан кейін осындай саяхатқа шығуды армандайтын адамдардың көп екенін байқадық. Бұл бізді қуантты. Қазақстанның табиғатын көру үшін міндетті түрде шетелге барудың қажеті жоқ.

Елімізде ерекше ландшафттар, сирек кездесетін құстар мен жануарлар, адам аяғы сирек жететін әдемі жерлер көп. 

Табиғатты, құстарды бақылау үшін арнайы маман болу да міндетті емес. Ең бастысы — айналаңа мұқият қарау. Осы арқылы туған өлкеңді тереңірек танып, оны қорғаудың маңызын түсінесің.

Қазақстандықтардың өз елін көбірек аралап, табиғатын өз көзімен көргенін қалаймыз. Өйткені еліміздің қаншалықты әдемі әрі алуан түрлі екенін саяхат кезінде ғана толық сезінуге болады.

— Сұхбатыңызға рақмет!