Қазақстанды өңірлік цифрлық хабқа айналдыру үшін қандай жобалар іске асырылады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев Қазақстанды өңірлік цифрлық хабқа айналдыру үшін қандай жобалар іске асырылатынын айтты. 

Фото: freepik.com

«Цифрлық Жібек жолын дамыту және Қазақстанды өңірлік цифрлық хабқа айналдыру үшін Ұлттық жоба аясында 3 іс-шараны іске асыру көзделген. Біріншісі – ұзындығы 370 шақырым болатын Каспий теңізінің түбіне оптика төсеу. Екі елдің байланыс операторларының инвестициялары 23 млрд теңгеден асады. Бүгінгі күні «Қазақтелеком» мен «Әзертелеком» арасында бірлескен кәсіпорын құрылған және су астындағы талшықты оптикалық байланыс желісін жобалау және төсеу үшін мердігерді таңдау бойынша тендер аяқталауда», - деді министр.

Оның айтуынша, екіншісі – Қазақстан аумағы бойынша транзиттік трафикті ұлғайтуды көздейтін Батыс-Шығыс Ұлттық гипермагистралінің құрылысы. Үшіншісі – транзит пен халықаралық трафикті сақтау үшін Tier-III деңгейінен төмен емес деректер орталығын салу. Осы екі жоба бойынша «Freedom telecom» компаниясынан ұсыныс түскен.

«Гипермагистральға жеке инвестициялар 17 млрд теңгеден асады. Іске асыру мерзімі 2025 жылдың соңына дейін. Ал 2027 жылдың соңына дейін іске асырылатын деректер орталығының құрылысына 90 млрд теңгеден астам қаражат керек. Осылайша, жоғарыда аталған жобаларды іске асыру деректердің халықаралық транзитінің баламалы бағытын және ел нарығына BigTech компанияларын (Google, Amazon, Microsoft) тартуды қамтамасыз етеді. Айта кету керек, осы 3 жобаны операторлар өз қаражаты есебінен қаржыландырады», - деді Жаслан Мәдиев.