Қазақстанды велосипедпен аралап жүрген саяхатшы Алматыға жетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстанды велосипедпен аралап жүрген саяхатшы Бүрлен Әділет Алматыға келді.

Фото: Бүрлен Әділеттің Instagram-парақшасынан

Оның сапары 20 сәуірде Ақтаудан басталған. Осы уақыт ішінде ол еліміздің батыс және оңтүстік өңірін аралап, шамамен 3 800 шақырым жол жүріп өтіп, Алматыға табан тіреді.

Фото: Бүрлен Әділеттің Instagram-парақшасынан

Айта кетейік, бұл оның алып шаһарға алғаш келуі емес. Бұған дейін де Алматыда болған саяхатшы қала тұрғындарының қонақжайлығы мен табиғатының ерекше сұлулығын жоғары бағалайтынын айтты. Алда оны Астанаға жалғасатын жаңа бағыт күтіп тұр.

Фото: Бүрлен Әділеттің Instagram-парақшасынан

— Мақсатым — Қазақстанның сұлулығын барынша көп адамға көрсету. Әр сапарымды камераға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаймын. Шетелде туып-өскен қазақтар өздерінің қандай әсем Отаны бар екенін көрсе деймін. Қазақстанды толық аралап, оның тарихы мен мәдениетін тереңірек танығым келеді, — деді Бүрлен Әділет.

Саяхаттағы оның серігі — Орал есімді марғау. Бүрлен Әділеттің айтуынша, бұл атаудың өзіндік символдық мәні бар. Ол туған қаласы Оралды, тарихи Отанына оралу идеясын және бүкіл саяхаттың рухани мазмұнын білдіреді.

Фото: Бүрлен Әділеттің Instagram-парақшасынан

Саяхатшы бұл жолды жаңа тәжірибе жинап, елдің тарихы мен мәдениетін тереңірек танып-білуге мүмкіндік беретін ерекше сапар деп санайды.

Еске салайық, бұған дейін 76 жастағы қазақстандық саяхатшы Сәрсенбай Қотырашев 3 мың шақырым жол жүріп, Парижге жеткенін жазғанбыз.