Қазақстандық 5 боксшы әлем кубогының финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан Әлем кубогында бүгін, 20 маусымда Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) финалға шықты.

Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Әлем чемпионы, аса ауыр салмақта басты фаворит саналатын Айбек Оралбай Әлем кубогының 1/2 финалында Жоел Рамоспен (Бразилия) өзара мықтыны анықтады.

Алғашқы раундта төрешілер Бразилия срортшысына берсе де, отандасымыз тез арада жинақталып, таразы басын өз жағына аударды. Ал шешуші 3-раундта Айбек Оралбай қарсыласын нокдаунға жіберіп, жеңімпаз тағдырын шешіп тастады. Есеп: 3:2.

Айта кетсек, бұдан бұрын Назым Қызайбай (54 келі), Виктория Графеева (60 келі), Абылайхан Жүсіпов (70 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі) финалға шықса, Дина Исламбекова (80 келіден жоғары), Валерия Аксенова (80 келі), Аида Әбікеева (65 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.

Осылайша ел құрамасынан бес боксшымыз енді алтын медальға таласуға мүмкіндік алды.

Айта кетсек, Жарыстың аталған сатысында Өзбекстан 11, Қытай — 9, Қазақстан мен Франция — 8 үздігіне үміт артса, одан кейінгі орындарда Үндістан мен Польша — 6, Англия мен Бразилия — 4, Әзербайжан мен Италия — 3, АҚШ, Болгария, Оңтүстік Корея, Иордания, Испания — 2 спортшысына сенім білдіреді.

Ал жартылай финалда Аустралия, Германия, Канада, Иран, Мексика, Тайпей, Таиланд және Молдовадан 1 былғары қолғап шебері шаршы алаңға шығады.