Қазақстандық Әли Ахмедов әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық боксшы Әли Ахмедов жартылай ауыр салмақтағы IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы белбеуі үшін жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Sports.kz .

Фото: instagram.com/akhmedov_promotions

25 шілдеде Ахмедов Алматыдағы бокс кешінде өнер көрсетеді. Кештің басты жекпе-жегінде ол Оңтүстік Африка Республикасының боксшысы Асемахле Веллеммен кездеседі.

Қазақстандық боксшы рингке WBA Asia чемпионы ретінде шықса, оның қарсыласы WBO Africa чемпионы саналады.

Әли Ахмедов соңғы жекпе-жегін желтоқсан айында өткізіп, ганалық Делали Миледзині (30-3-1, 23 KO) төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген еді.

Ал Асемахле Веллем биыл мамыр айында шаршы алаңға шығып, Гананың тағы бір боксшысы Принс Око Нартині (13-5, 12 KO) нокаутпен ұтты.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы Қытайдың Гуйян қаласында өтетін Әлем кубогы кезеңіне қатысатын боксшылар құрамын жариялады.