Қазақстандық алты боксшы Странджа турнирінде жарысты жалғастырады

Фото: Қазақстан бокс федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM - Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан халықаралық Странджа турнирінің үшінші жарыс күні мәресіне жетті.

Бұл күні ел құрамасынан жеті былғары қолғап шебері шаршы алаңға шығып, оның алтауы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. 

Кешкі сессияда отандасымыз Лаура Есенкелді АҚШ өкілі Мэри-Энджелис Росендоны 5:0 есебімен тізе бүктірді.

Оған дейін белгіленген екі жекпе-жектің өтпейтіні анықталды. Қазақстандық Аружан Жаңабаева (65 келі) жарақатына байланысты Навбахор Хамидовамен (Өзбекстан) кездесуден бас тартты.

Сондай-ақ Даниал Сапарбай (90 келіден жоғары) жекпе-жектен бас тартуына байланысты Нұрлан Сапарбай автоматты түрде ширек финалға шықты.

Қазақстандық былғары қолғап шеберлері арасынан күндізгі сессияда әйелдер арасында 57 келіде Ұлжан Сәрсенбек тағы бір отандасымыз Айдана Забынбекованы, Азия чемпионы Римма Волосенко (60 келі) АҚШ өкілі Алиша Крокетті 5:0, 60 келіде Виктория Графеева түркиялық Гизем Озерді 4:1 есебімен жеңді.

Ал Жазира Орақбаева 1/8 финалда 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Феруза Казаковаға 0:5 есебімен есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.

Айта кетсек, Қазақстан Болгария астанасына 39 боксшыны аттандырды. Биыл Странджа кубогы 77-мәрте өткізіп жатыр. Бұл турнир Еуропа құрлығындағы тарихы терең спорттық жарыс саналады.