Археологиялық қорлардың бас сақтаушысы Елена Тушеваның айтуынша, бұл заттар «Торайғыр-6» ескерткішінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған. Сонымен қатар мамандар «Торайғыр-7» атты жаңа қорғанды да анықтаған.
– Біз екі қорғанды қазу кезінде сақ дәуірінің ерте кезеңіне жататын, қоладан құйылған пышақтар таптық. Бұл – Павлодар облысы үшін сирек кездесетін археологиялық олжа, – деді Елена Тушева.
Маманның мәлімдеуінше, пышақтар көне технология бойынша жасалғанымен, стилистикасы ерте темір дәуіріне жатады. Бұл – өңірде металлургиялық шеберлік пен мәдени байланыстардың жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді.
Археологтар сондай-ақ бұл маңнан Тасмола мәдениетіне тиесілі адам қалдықтарын да анықтаған.
– Қаңқа сүйектер жақсы сақталған, бұл бізге жынысы, жасы және антропологиялық сипаттамаларын анықтауға мүмкіндік берді. Қабаттарды тереңірек тазалау барысында Андронов мәдениетіне жататын қабірлерді де таптық, – деді «Тарих» мамандығының студенті Ангелина Грищенко.
Айта кетейік, Марғұлан университеті Баянауыл аймағында археологиялық зерттеулерді он жылдан астам уақыт бойы жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бүгінде оқу орны өңірдегі негізгі тарихи-мәдени мұра нысандарының сақталуына атсалысуда.
Бұған дейін алматылық археологтер сақ дәуіріне тиесілі алтын жүзік тапқан.