Қазақстандық арнайы жасақ Дубайдағы турнирде көш бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Дубайда әлемнің құқық қорғау органдарының арнайы бөліністері арасында халықаралық SWAT Challenge-2026 турнирі жалғасып жатыр, деп хабарлады polisia.kz.
Биыл жарысқа 109 команда қатысып, тактикалық, физикалық және атыс дайындығының жоғары деңгейін көрсетіп жатыр.
Турнирде Қазақстан атынан бес команда қатысып жатыр. Үшінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық командалар жоғары нәтижеге ие болды.
Жалпы есепте Kaz SWAT Team C командасы 1-орынға көтеріліп, абсолютті көшбасшы атанды. Ал Kaz SWAT Team A 2-орында. Қалған командалардың көрсеткіштері де көңіл қуантады: Kaz SWAT Team Tomiris - 14-орын, Kaz SWAT Team B - 16-орын, Kaz SWAT Team D - 22-орын.
Айта кетерлігі, Kaz SWAT Team Tomiris командасы әйелдер командалары арасында көш бастап тұр. Қазақстандық командалар SWAT Challenge-2026 турнирінде отандық арнайы бөліністердің жоғары кәсібилігін және халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін айқын дәлелдеп жатыр.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтіп жатқан UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінің бірінші күнінде Қазақстанның арнайы жасақ командалары сәтті өнер көрсетіп, үздік ондыққа енгенін жазған болатынбыз.