Қазақстандық арнайы жасақ туралы фильм көрерменге жол тартты

Фото: Фото: Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы

Бүгін, 2 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрында мемлекет қауіпсіздігі мен ел тұрғындарының өміріне аса қатер төндіретін қылмыстарға қарсы жедел әрекет ететін «Burkit» арнайы жасағы туралы фильм прокатқа шықты, деп хабарлайды Кazinform. 

«Burkit» – арнайы жасақта қызмет ететін үш достың хикаясы. Олардың күнделікті міндеті – қауіпті қылмыстық топтарға қарсы тұру. Осындай қарама-қайшылықтарға қарамай, оларға достыққа адалдықты сынау міндеті де тұр.

Фильм түсіріліміне арнайы жасақ, әскери техника және авиация, сондай-ақ екі жүзден астам белсенді әскери қызметші қатысқан. Жедел-іздестіру шаралары арқау болған картинаның кейбір эпизодтары шынайы оқиғаларға негізделген. Түсірілім жұмыстары Алматы облысында, Қонаев қаласында, Есік көлінің тауларында және Іле өзені бойында өтті. 

Фото: Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының айтуынша, қазіргі көрермендердің сұраныс, талғамы жан-жақты. Сондықтан көрерменге әртүрлі жанрдағы, осындай түрлі трюкқа толы экшн фильмдерді де ұсынған жөн. Фильмде «Бүркіт» арнайы жасағының сарбаздары «күрең берет» кию құқығына ие болу үшін сынға түседі.

«Елімізде бүгінгі күнге 200-ге жуық «күрең берет» иегері бар екен. Күрең берет кию мәртебесіне арналған біліктілік сынағынан өту – жауынгерлік рухтың белгісі. Сондықтан жаңа фильміміз жастарды Отанға деген адалдық пен риясыз махаббатқа тәрбиелейді деп сенеміз» - деді Құрманбек Жұмағали.

Фильмнің режиссері – Данияр Ибрагимов, ол үшін бұл картина дебюттік жұмыс. Бұған дейін Данияр «Қазбат» және «Алтыншы бекет» әскери фильмдерінде продюсер ретінде қызмет еткен. Сол себепті тәжірибелі маман туындыны түсіру оған қиындық тудырмағанын айтты. 

Фото: Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы

Фильмге Дәурен Серғазин, Санжар Мәди, Асылхан Төлепов, Гүлнәз Жоланова, Әсел Сағатова, Жандос Айбасов және Азамат Сатыбалды сияқты еліміздің танымал актерлері түсті. Сонымен бірге танымал музыкант Ғалымжан Молданазар да антагонист кейіпкердің рөлін сомдап шықты. Басты рөлдегі актерлер түсірілім жұмыстарына кіріспес бұрын бірнеше апта бойы жауынгерлік оқу-жаттығуларына қатысып, тактикаларды үйренді.

«Фильмге түсу үшін біз арнайы нормативтерді тапсырдық. Шынайы сарзбаздардан еш айырмашылығымыз болмады. 30 келіден ауыр форманы киіп жүрдік. Бір эпизодтың түсірілімі кезінде арқамды оңбай жарақаттап алдым. Бір апта бойы ем алуыма тура келді. Каскадер болғандықтан барлық трюкті өзім жасауға тырыстым» - дейді фильм актері Санжар Мәди.

«Burkit» экшн фильмі 2 қарашадан бастап барлық кинотеатрларда қазақ және орыс тілдерінде шығады. 

Фото: Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы