Қазақстандық әскери қызметшілерге шетелде оқу кезінде әуе билеттерінің ақысы мемлекет есебінен төленеді

АСТАНА.KAZINFORM – Қорғаныс министрі 2026 жылғы 31 шілдедегі бұйрығымен әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне мемлекет есебінен әуе көлігімен жол жүру құқығын беру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Фото: trvl.click

Жаңа өзгерістерге сәйкес, әскери қызметші шетелдік жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орнына оқуға қабылданған кезде және оқуын аяқтағаннан кейін, сондай-ақ уәкілетті органның жолдамасымен шетелдік оқу орындарына қосымша білім беру бағдарламалары (біліктілікті арттыру, қайта даярлау, курстық дайындық, кәсіби жетілдіру, мамандандыру және интернатура) бойынша жіберілген жағдайда, олардың жол жүру шығындары мемлекет есебінен өтеледі.

Сонымен қатар әскери қызметші шетелдік әскери оқу орнына қабылданған кезде және оқуын аяқтағаннан кейін оның және отбасы мүшелерінің багажы мен қол жүгін тасымалдау шығындары да мемлекет есебінен төленеді. Айта кету керек, бұл төлем авиакомпания эконом-класс билетінің құнына енгізген рұқсат етілген багаж және қол жүгі нормасы шегінде ғана жүзеге асырылады.

Ал белгіленген салмақтан артық қосымша багаж немесе қол жүгі үшін төлемді әскери қызметшінің өзі төлейді және бұл шығындар мемлекет тарапынан өтелмейді.
Шетелдік әскери оқу орындарына оқуға баратын және оқуын аяқтап елге қайтатын әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің жол жүруін Қорғаныс министрлігінің әскери білімге жауапты құрылымдық бөлімшесінің өтінімдері негізінде әскери қатынас органдары ұйымдастырады.

Егер халықаралық шарттарда өзгеше тәртіп көзделмесе, шетелдік оқу орнында білім алып жүрген әскери қызметшінің Қазақстанға тағылымдамадан өтуге келуі және кейін оқу орнына қайта оралуы да мемлекет есебінен әуе көлігімен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте жол жүру бағыты оқу орнынан әскери қызметші жіберілген әскери басқару органының орналасқан жеріне дейін және тағылымдамадан кейінгі жөнелту пунктінен оқу орнына дейін жүзеге асырылады.

Шетелдік оқу орындарында білім алып жатқан курсанттар мен кадеттердің каникул кезіндегі демалысқа барып-қайту шығындары, егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, мемлекет есебінен өтеледі. Демалыс Қазақстан Республикасының аумағында өткізілген жағдайда, әуе көлігімен оқу орнынан демалыс орнына және кері қайту жолақысы төленеді.
Егер шетелдік оқу орнында оқып жүрген курсант тағылымдамадан кейін Қазақстан аумағында демалыс өткізіп, одан әрі оқу орнына қайтатын болса, онда оның демалыс орнынан оқу орнына дейінгі жол жүруі де мемлекет есебінен әуе көлігімен қамтамасыз етіледі.

Қызметтік іссапарға жіберілген әскери қызметшілердің, сондай-ақ әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің демалысқа барып-қайтуы немесе жаңа қызмет орнына ауысуына байланысты мемлекеттік авиация әуе кемелерімен тасымалдануына рұқсат етіледі. Бұл тек әуе кемесі бастапқы пункттен соңғы бағытқа дейін ілеспе бағытта рейс орындаған жағдайда ғана жүзеге асады. Мұндай тасымалдауға негіз ретінде жоғары қолбасшылықтың бұйрықтары мен нұсқаулары алынады.

Сонымен қатар қағидалар жаңа тармақпен толықтырылды. Оған сәйкес, әскери қызметшінің жол жүруіне арналған баянат Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысына жолдануы тиіс. Баянатта жол жүру мақсаты көрсетіліп, оны құрылымдық бөлімшенің тікелей басшысы қол қоюы қажет.

Әуе кемесіне отырғызу алдында мынадай құжаттар ұсынылуы тиіс:

Әскери қызметші: ұшу мақсатын растайтын құжат (іссапар куәлігі, демалыс билеті, жаңа қызмет орнына ауысу туралы нұсқама, әскери-дәрігерлік комиссияға немесе госпитализацияға жолдама, ауруханадан шығарылғаны туралы эпикриз);

Әскери қызметшінің отбасы мүшелері: жеке басын куәландыратын құжат және туыстық қатынасты растайтын құжат.

Растайтын құжаттар болмаған жағдайда әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін тасымалдауға жол берілмейді.

Сондай-ақ мемлекеттік авиация әуе кемелерімен әскери қызметші мен оның отбасы мүшелерін бөлек-бөлек тасымалдауға рұқсат етілмейді.

Аталған бұйрық 2026 жылғы 15 тамыздан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, елімізде әскери оқу орындарына түсуді қалайтын жастар саны артып келеді.