8 мамырға дейін жалғасатын чемпионатты Әзeрбайжанның аспаздық мамандар қауымдастығы Мемлекеттік туризм агенттігі мен Әзербайжан ұлттық аспаздық орталығының қолдауымен және Дүниежүзілік аспаздар қоғамы қауымдастығының (Worldchefs) серіктестігімен ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – елдегі гастрономияның дамуына ықпал ету, аспаздық туризмнің әлеуетін кеңейту, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, ұлттық тағамдарды халықаралық деңгейде насихаттау. Шетелдік аспаздармен тәжірибе алмасу.
Чемпионат бағдарламасына аспаздардың жеке санаттары, кондитерлік жарыстар, командалық жарыстар және жасөспірімдер арасындағы жарыстар кіреді.
Биыл инновацияға, тұрақты дамуға, ұлттық аспаздық дәстүрді заманауи халықаралық трендтермен үйлестіруге ерекше көңіл бөлінеді.
Жарысқа Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Пәкістан, Сербия, Ресей, Беларусь, Хорватия, Румыния, Украина командалары қатысып жатыр.
Қатысушылардың жұмысын Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Швеция, Италия, Германия және басқа елдерден тұратын сертификатталған Worldchefs төрешілерінен тұратын халықаралық қазылар алқасы бағалайды.
Биылғы чемпионатта Қазақстан намысын «Қазақстан аспазшылар хабы», «Қазақстан аспаздар қауымдастығы» құрған ұлттық құрама қорғайды.
Делегация құрамында Қазақстаннан ресми өкіл әрі төреші Саид Рощаев, команда капитаны Нұрсұлтан Исмаилов, ұлттық құраманың бас аспазы Айдарбек Сапархан және кондитер Ердәулет Леспек бар.
«Golden Shah» чемпионаты 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. 2024 жылдан бастап Worldchefs компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылатын жарыс континенттік аспаздар чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бұл байқаудың халықаралық деңгейін кеңейтуге және бәсекелестік деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионат жаңа таланттарды анықтауға, тәжірибе алмасуға және Әзербайжанның перспективалы гастрономиялық бағыт ретінде ұстанымын нығайтуға арналған маңызды кәсіби алаң ретінде қарастырылады.