Ведомствоның мәліметінше, экспорт көлемінің өсуіне негізінен Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға жеткізілімдердің артуы ықпал етті.
Атап айтқанда, Өзбекстанға экспорт 38% өсіп, 3,9 млн тоннадан 5,5 млн тоннаға жетті. Қырғызстанға жеткізілім көлемі 1,4 есеге артып, 357 мың тоннадан 504 мың тоннаға дейін ұлғайды.
Ауғанстанға экспорт 59% өсіп, 1,4 млн тоннадан 2,2 млн тоннаға жетті. Ал Түрікменстанға жеткізілім көлемі 37% артып, 150 мың тоннадан 205 мың тоннаға дейін өсті.
— Жүк тасымалы көрсеткіштерінің оң серпіні қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін және оңтүстік бағыттағы логистикалық дәліздердің тұрақты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл экспорттық логистиканы дамыту және шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бағытында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін айғақтайды, — делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан 21 елге балық өнімдерін экспорттайтынын жазғанбыз.