Қазақстандық бадминтоншы Нигериядағы турнирде жүлде еншіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Дмитрий Панарин Lagos International Classics 2026 турнирінде қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.

Фото: ҰОК

Бадминтоннан Қазақстан құрамасының өкілі Дмитрий Панарин Нигерияның Лагос қаласында өткен Lagos International Classics 2026 халықаралық турнирінде қола жүлдеге ие болды.

Дмитрий Панарин Үндістан өкілі Пранаув Рам Нагалингамды 2:1 (19:21, 21:11, 21:10) есебімен жеңіп, жарысты сәтті бастады. Кейін нигериялық Саиду Алиуды 2:0 (21:8, 21:12) есебімен ұтты.

Ширек финалда қазақстандық спортшы Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілі Шашаанк Саи Муннангиден 2:0 (22:20, 21:14) басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды.

Жартылай финалда Панарин Үндістан өкілі Танкaра Гнана Датту Таласиламен кездесті. Тартысты өткен матчта қарсыласы 2:1 (21:19, 20:22, 21:1) есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, Дмитрий Панарин турнирді қола медальмен аяқтады.

Осыдан бұрын Қазақстан құрамасы бадминтоннан Түркиядағы турнирде қола жүлдеге ие болғанын жазғанбыз.