АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық балуан Мейіржан Әшіров Армения астанасы Ереванда күрес түрлерінен әскерилер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.
Қазақстан күрес федерациясынан мәлім еткеніндей, ефрейтор Мейіржан Әшіров еркін күрестен 70 келіге дейінгі салмақта үздік шықты.
Ол алдымен ресейлік Инал Кетиямен белдесті. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталғанымен, соңғы ұпайды алғаны үшін жеңіс Мейіржанға бұйырды.
Мейіржан моңғолиялық О.Мергеншагайды 14:1 есебімен айқын басымдылықпен тізе бүктірді.
Үшінші белдесуінде ирандықты 10:0 есебімен ұтса, финалда үнді балуанын қапы қалдырды – 6:2.
Сондай-ақ грек-рим күресінен кіші сержант Айдос Сұлтанғали (60 кг), әйелдер күресінен ҚР Қарулы күштерінің қызметшісі Светлана Анкичева (50 кг) қола жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық балуандардың күрестен әскерилер арасындағы әлем чемпионатына қатысатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).