ОРАЛ. KAZINFORM — Албания астанасы Тиранада грек-рим күресінен 67 келі салмақта өнер көрсеткен Мейіржан Шермаханбет Muhamet Malo рейтингілік турнирінде жеңімпаз атанды. Қазақстандық балуан жарысты ірі жеңіспен бастап, алғашқы белдесуінде эквадорлық Андрес Арройоны 9:0 есебімен ұтты.
Келесі кезеңде әзірбайжандық Махаммад Шукурзадені 4:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға өтті.
Жартылай финалда грузиялық Джони Хетсурианиден 3:1 есебімен басым түсті.
Финалдық белдесуде Мейіржан тағы бір грузиялық Диего Чхиквадзені 5:1 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, 2018 жылы әлем чемпионатында қола алып, 2022 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған Мейіржан Шермаханбет Тиранадағы рейтингілік турнирде үздік шықты.
Тағы бір қазақстандық Ернұр Фидахметов 63 келі салмақта қола жүлдеге ие болды. Ол үшінші орын үшін белдесуде ирандық Али Нураиден 6:3 есебімен айласын асырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның әйелдер құрамасы Muhamet Malo турнирінде бірінші орын алғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).