Қазақстандық балуан жастар арасында әлем чемпионы атанды

Фото: Фото: UWW

АСТАНА. KAZINFORM – Испанияның Понтеведре қаласында күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Ислам Евлоев жеңімпаз атанды.

Қазақстандық балуан грек-рим күресінен 82 келіге дейінгі салмақта үздік шықты. И.Евлоев финалда түркиялық Алперен Берберді 9:3 есебімен тізе бүктірді.

Тағы бір грек-рим күресінің шебері Юсуф Ашрапов 62 келіге дейінгі салмақта күмісті қанағат тұтты. Ол алтын үшін белдесуде ирандық Ахмадрез Нохсен Нижадқа есе жіберді. Сондай-ақ Оңдасын Хамитов 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде жапониялық Кохаку Каназавадан 9:0 есебімен басым түсті.

Осылайша, аталмыш біріншілікте Қазақстан қоржынында қазіргі кезде бес медаль бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық балуандардың әлем чемпионатында қола жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз.