Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, Аршалы ауданында өткізу үшін Астанадан есірткі заттарын тасымалдау кезінде «Ш»-ны полиция қызметкерлері ұстаған және оның автокөлігін тінтуде жалпы салмағы 39 кг асатын гашиш салынған 4 пакет табылып, тәркіленген.
«Осылайша «Ш.» есірткі заттарын сату үшін аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алуды, сақтауды, тасымалдауды жүзеге асырды (Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы). «Ш.»-ның кінәсі оның автомашинасын тінту және есірткі заттары салынған пакеттерді алу хаттамасымен; сарапшылардың қорытындыларымен; тіркелген қоңыраулары көрсетілген ұялы телефонды тексеру хаттамасымен; бейнекамералардың жазбаларымен; тінту хаттамаларымен; «Ш.»-дан жеке пайдалануға арналған есірткі затын сатып алған куәгерлердің айғақтарымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді. Жаза тағайындауда сот жеңілдететін мән-жайларды - сотталушыда жас балалардың болуын, және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерді» делінген хабарламада.
Сот үкімімен «Ш» 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Тәркіленген есірткі заттар жойылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.