Қазақстандық белгілі фототілші Юрий Беккер өмірден өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық белгілі фототілші Юрий Зельманович Беккер 68 жасында кенеттен қайтыс болды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Юрий Беккер ұзақ жылдар бойы журналистика саласында еңбек етіп, Қазақстанның фотошежіресін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Оның объективіне еліміздің қоғамдық, саяси және мәдени өміріндегі маңызды оқиғалар, белгілі мемлекет қайраткерлері, еңбек адамдары мен қарапайым азаматтар ілікті.

– Оның фотосуреттері Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының бір бөлігіне айналып, өз дәуірінің адамдары мен оқиғаларын кейінгі ұрпаққа жеткізді, – делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында.

Юрий Беккердің кәсіби қызметінің елеулі кезеңі «Казахстанская правда» газетінің редакциясымен байланысты болды. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін редакцияда еңбек етіп, журналистикаға және фототілшілік кәсібіне адалдығын сақтады.

Әріптестері мен кәсіби қауымдастық өкілдері Юрий Беккерді талантты фототілші, жауапкершілігі жоғары, принципшіл әрі кәсіби шеберлігі мол маман ретінде еске алады.

Еске сала кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы футболшысы қайтыс болды.