Қазақстандық бес боксшы «Странджа» кубогында алғашқы жеңісін тойлады
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық боксшылар Болгария астанасы София қаласында 23 ақпан-2 наурыз аралығында өтетін «Странджа» халықаралық турнирін сәтті бастады.
Қазірге дейін шаршы алаңға шыққан қазақстандық алты боксшының бесеуі жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Ел құрамасынан Фарух Тоқтасынов (70 келі) 1/16 финалда Аустрия өкілі Арсен Чабианнан 5:0 есебімен басым түсті. Жекпе-жек барысында отандасымыз қарсыласын нокдаунға да түсірді. Былтыр Фарух осы турнирдің күміс жүлдегері атанған еді.
Ал Бағлан Кенжебек (55 келі) 1/16 финалда 2 дүркін Еуропа чемпионы атанған әзербайжандық Ниджат Гусейновтен 5:0 есебімен басым түсті. Ол Болгариядағы бәсекеге алғаш рет қатысып жатыр.
Сондай-ақ ел құрамасынан Тимур Қабдешов (55 келі) бірінші айналымда Ливерпульдегі әлем чемпионатының қола жүлдегері Пэтси Джойсқа (Ирландия) тап болды. Атақты қарсыласпен кездессе де, ол оны 5:0 есебімен тізе бүктірді.
Ұлттық құрама сапында енді 70 келіге ауысқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы бірінші айналымда жастар арасындағы әлем чемпионы өзбекстандық Абдулазиз Журакуловті төрешілердің бірауыздан шешімімен орта жолда қалдырды.
Әлем чемпионатының қатысушысы, 90 келідегі Нурмагамед Юсупов 1/16 финалда Уэльс спортшысы Коннор Уильямстен 4:0 есебімен басым түсті.
Ел құрамасынан 50 келіде Бекзат Алдамжаров өзбекстандық Асылбек Жалиловке есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
Енді кешкі сессияда ұлттық құрамадан төрт боксшы шаршы алаңға шығады. Олардың қатарында 60 келіде Бейбарыс Жексен, моңғолиялық Лундаа Гантумур (Моңғолия), Руслан Кузеубаев АҚШ боксшысы Салим Эллис-Бей, 80 келіде Санжарәлі Бегалиев бразилиялық Кауэ дос Сантос Белини, АҚШ-тың тағы бір өкілі Диас Молжігітов Робби Гонсалеспен қолғап түйістіреді.
Айта кетсек, халықаралық турнирде кешкі сессия Қазақстан уақытымен 21:00–де басталады.