ОРАЛ. KAZINFORM — Бүгін Парижде Франция ашық чемпионатының іріктеу турнирі басталады.
Ерлер арасында Қазақстаннан бес теннисші бақ сынайды.
Іріктеу сайысының ширек финалын Бейбіт Жұқаев бірінші болып бастайды. Ол америкалық Закари Свайдамен кездеседі.
Александр Шевченко жапониялық Шинтаро Мочизукимен, Дмитрий Попко тунистік Азиз Дугазбен, Михаил Кукушкин франциялық Жоффри Бланканомен, Тимофей Скатов ресейлік Алибек Качмазовпен шеберлік байқасады.
Ролан Гарроста алдағы аптада басталатын негізгі турнирде Қазақстаннан жекелей сында Александр Бублик, әйелдер арасында Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева өнер көрсетеді.
Кеше Ю.Путинцева Страсбург (Франция) WTA 500 турнирінің алғашқы айналымында словакиялық Ребекка Шрамковадан жеңіліп қалды – 0:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Туриндегі турнирде топ жарғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).