Қазақстандық биатлоншы қыздар қысқы Азиаданың қола жүлдесін еншіледі

Фото: Нұрғали Жұмағазы

ЯБУЛИ. KAZINFORM – Биатлоннан Қазақстан қыздар құрамасы Қытайда өтіп жатқан ІХ қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. 

Әйелдер арасында 6 шақырымға эстафетадан ел құрамасы сапында Ольга Полторанина, Дарья Климина, Арина Крюкова және Елизавета Белецкая жарыс жолына шықты.

Жарыс қортындысында Қазақстан қыздар құрамасы 1 сағат 30 минут 01.9 секунд нәтиже көрсетіп, мәре сызығын үшінші кесті. Қытай және Оңтүстік Корея құрамасы тисінше алтын және күміс медалды өзара бөлісті.

Айта кетейік, кеше Ябули тау-шаңғы курортында өткен бәсекелерде ел қоржыны екі жүлдемен толықты. Нақтырақ айтсақ, шаңғы спортынан әйелдер арасында командалық эстафетада спортшыларымыз күміс алды.  Ал жігіттер 7.5 шақырымдық эстафетада қола жүлдені қанжығаға байлады.