Қазақстандық боксшы Ертуған Зейнуллинов Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандықтардан алғашқы болып рингке шыққан Е.Зейнуллинов 63,5 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда иорданиялық Обада Алкасбехпен жұдырықтасты.
Өз спорттық жолында алғаш рет ірі жарыста ел намысын қорғап жатқан Ертуған үш раунд бойы жеңісіне күмән келтірген жоқ – 5:0.
Ертуған Зейнуллиновтің келесі қарсыласы – биылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы, тәжікстандық Баходур Усмонов.
Ертуған Азиада барысында Б.Усмоновты жолдан тайдырса, өзбекстандық қандасымыз, әлем чемпионы Руслан Абдуллаевпен де кездесуі мүмкін.
Дүйсенбі күні Қазақстаннан Наталья Богданова мен Сәкен Бибосынов рингке шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия ойындарында қазақстандық боксшылардың қашан рингке шығатыны белгілі болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).