Қазақстандық боксшы Тимур Нұрсейітов әлем кубогының ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан әлем кубогының екінші күні, 16 маусымда қазақстандық Тимур Нұрсейітов (75 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Отандасымыз 1/8 финалда Ирландия спортшысы Тадхг Одонеллмен шеберлік байқасты.

Қос боксшы да бір-бірінің шабуылын күтіп, айқас 3 раунд бойы аңдысумен өтті. Нәтижесінде төрешілер 3:2 есебімен жеңісті отандасымызға берді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Санатәлі Төлтаев (65 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды .

Отандасымыз 1/16 финалда әзербайжандық Малик Хасановты қапы қалдырды.

Енді ел құрамасынан тағы 4 боксшы шаршы алаңға шығады. Олардың қатарында Тимур Қабдешов (55 келі), Назым Қызайбай (54 келі, Лаура Есенкелді (70 келі), Нұрбек Оралбай (90 келі) бар.

Еске салсақ, 15 маусымда әлем кубогы екінші кезеңінде ел құрамасынан Сабыржан Аққалықов (80 келі), Нұрбек Оралбай (90 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Өкінішке қарай ел құрамасынан Наталья Богданова (75 келі) қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.