АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық боксшылар Дебреценде (Мажарстан) Иштван Бочкаиды еске алуға арналған халықаралық турнирде бес алтын алды.
Барлығы 9 қазақстандық спортшы финалға шықса, соның бесеуі чемпион атанды.
Атап айтқанда, Асхат Жүсіпов 48 келіге дейінгі салмақта украиналық Андрей Тишковечті басым дауыспен жеңді.
Сондай-ақ Асылжан Серікбай (57 кг) мажарстандық Роланд Верешті, Бибарыс Жексен (60 кг) тағы бір шаршы алаң иесі Крузито Ковачты, Ертуған Зейнуллинов (63,5) Ричард Ковачты басым дауыспен ұтты. Ерасыл Жакпековтің (80 кг) қарсыласы, мажарстандық Пал Ковач рингке шықпағандықтан, жеңіс қазақстандық боксшыға берілді.
Даниял Сәбит (51 кг) мажарстандық Аттила Бернатқа басым дауыспен есе жіберді. Тағы бір мажарстандық Габор Вирбан (54 кг) Кенже Мұратұлын төрешілердің бірауыздан шешімімен қапы қалдырды.
Сабыржан Аққалықов (71 кг) украиналық Юрий Захареевке басым дауыспен жол берді. Темірлан Мұқатаев та (86 кг) украиналық Данил Жасаннан жеңіліп қалды – 0:5.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).