Марапаттау рәсімі 5 маусым күні Біріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтерінде өтеді.
БҰҰ мәліметінше, рәсім барысында Бас хатшы Антониу Гутерриш бітімгерлерді еске алып, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан әскери, полиция және азаматтық қызметкерлерге Даг Хаммаршельд медалін табыстайды.
Олардың қатарында 2025 жылы Оңтүстік Судандағы БҰҰ миссиясында қаза тапқан қазақстандық подполковник Асқар Мұхамедрысұлы да бар.
БҰҰ дерегінше, бүгінде әлемнің ең күрделі өңірлерінде 50 мыңнан астам азаматтық, әскери және полиция бітімгері қызмет атқарып жүр.
Қазіргі уақытта 118 мемлекет БҰҰ-ның 11 бітімгершілік миссиясына әскери және полиция қызметкерлерін жіберген.
Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне алғаш рет 2014 жылы қатыса бастады.
Бүгінде Қазақстан БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысушы елдер арасында 51-орында тұр.
Қазіргі таңда Қазақстан Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Ливан, Таяу Шығыс, Оңтүстік Судан және Батыс Сахара аумақтарындағы миссияларға 153 әскери және полиция қызметкерін жіберген.
– Ешкім бейбітшілік жолында қызмет етіп жүріп қаза таппауы тиіс. Бітімгерлерге жасалған шабуылдар халықаралық гуманитарлық құқықтың өрескел бұзылуы болып табылады, – деді Антониу Гутерриш.
Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы қазіргі кезеңде бітімгершілік тұрақтылық пен үмітті сақтаудың тиімді тетігі болып қала беретінін атап өтті.
– Шиеленістер күшейген заманда бітімгершілік тұрақтылық пен үмітті қалпына келтірудің тиімді әрі үнемді тәсілі болып қала береді, – деді ол.
Айта кетейік, бүгін қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарына аттанды.