Қазақстандық бітімгерлер Сирия тұрғындарына медициналық көмек көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ-ның бөлінген аймақты бақылау жөніндегі күштері (UNDOF) құрамында қызмет атқарып жүрген қазақстандық бітімгерлер Сирияның Эль-Кунейтра провинциясындағы Хан-Арнаба қаласының тұрғындарына гуманитарлық медициналық көмек көрсетті.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, акция БҰҰ миссиясының далалық госпиталінің медицина қызметкерлері және Сирия Араб Республикасының денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Акция барысында дәрігерлер Хан-Арнаба қаласының тұрғындарын амбулаториялық қабылдаудан өткізіп, медициналық тексеру жүргізді. Нәтижесінде тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, одан әрі ем қабылдау бойынша ұсынымдар берілді.

Балаларға, егде жастағы адамдарға және тұрақты медициналық бақылауды қажет ететін азаматтарға ерекше көңіл бөлінді.

«Қазақстандық бітімгерлердің, БҰҰ миссиясының далалық госпиталі медицина қызметкерлерінің және сириялық мамандардың бірлескен жұмысының нәтижесінде тұрғындар уақытылы әрі білікті медициналық көмек алды. Хан-Арнаба қаласының тұрғындары қазақстандық бітімгерлер мен медицина қызметкерлеріне кәсібилігі, қамқорлығы және жанашырлығы үшін алғыс білдірді», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, мұндай гуманитарлық іс-шаралар бітімгерлер мен жергілікті халық арасындағы өзара байланысты нығайтып, БҰҰ миссиясының қызметіне деген сенімді арттыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, БҰҰ миссиясының қолбасшысы Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлермен кездесті.