Қазақстандық дәрігерлер роботтың көмегімен онлайн ота жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚазОРҒЗИ) роботтандырылған хирургия бойынша халықаралық тәжірибе алмасудың алаңына айналды. Мұнда АҚШ, Қытай және Қазақстан мамандарының қатысуымен онлайн ота жасалып жатыр.
Іс-шараның басты тақырыбы – робот-ассистенциялық радикалды простатэктомия және нефрэктомия. Бұл – онкологиялық ауруларды емдеудің аз инвазивті және жоғары тиімді әдісі ретінде әлемде кеңінен мойындалған тәсіл.
Ота операция бөлмесінен тікелей эфирде көрсетіледі. Хирургтер роботтық жүйені пайдалана отырып, нақты уақыт режимінде күрделі операцияларды бірлесе жүзеге асырып жатыр.
Онколог дәрігер Әсет Аханұлының айтуынша, бүгінгі ота робатты ассистенциялық операция деп аталады. Оның ерекшелігі мұнда барлық қимыл робаттың көмегімен жүзеге асырылады. Ал оны хирург дәрігерлер басқарады.
– Ота 3 елдің қатысуымен қашықтан жасалады. Үш хирург бұл отаны бөліске салады. Қазіргі кезде бұл науқасқа бірінші сатыдағы көпошақты обыр диогнозы қойылған. Біздің мақсатымыз – ішкі органды сақтап қалып, обырды алып тастау. Мұндай операциялар алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді Әсет Аханұлы.
Мамандардың айтуынша, мұндай технология операцияның дәлдігін арттырып, қан жоғалтуды азайтады, асқыну қаупін төмендетеді. Сонымен қатар науқастың ауруханада жату мерзімі қысқарады.
Іс-шара барысында үш елдің жетекші хирургтері ота кезеңдерін бірлесіп талқылап, тәжірибе алмасады. Онлайн-трансляцияға елдегі барлық онкологиялық орталық қосылған. Бұл онколог дәрігерлерді жаңа технологиялармен таныстырып, кәсіби ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік бермек.
Айта кетейік, осыған дейін қатерлі ісік не себепті қарқын алғаны туралы жазғанбыз.