Қазақстандық делегация Ыстанбұлда VI Этноспорт мәдени фестиваліне қатысуда

АСТАНА. KAZINFORM - Түркияның Ыстамбұл қаласында өтіп жатқан VI Этноспорт мәдени фестиваліне қазақстандық делегация қатысып жатыр. Төрт күнге жалғасатын фестивальде ҚР аударыспақ және теңге ілу федерациясының спортшылары өнер көрсетуде. 

Фото: Kazinform

Этноспорт мәдени фестиваліне биыл 20-дан астам елден 1000-нан астам спортшы мен мәдениет саласының өкілдері қатысып жатыр. Оның аясында дәстүрлі спорт түрлері бойынша сайыстар, ұлттық салт-дәстүрлер, қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесі өтіп, дәстүрлі музыка және дәстүрлі балалар ойындары ойналды. Сондай-ақ, қонақтар күзде Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген қазақстандықтар тіккен киіз үйді тамашалады.

Фото: Kazinform

Ыстамбұлдағы фестивальде қазақстандық палуандар Біржан Қосалиев пен Сырым Ізбасаров аударыспақ спорты бойынша өнер көрсетті. Қос палуан да – Қазақстанның және Азияның бірнеше дүркін чемпионы, сондай-ақ, 2-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасының мүшелері – Нариман Әсімжан мен Азат Түлкібай Түркия төрінде ұлттық спортымыз теңге ілуді таныстырды.

Фото: Kazinform

Фестиваль аясында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Неджметтин Билал Ердоған ұлттық спорт федерацияларының басшыларымен кездесті.

Фото: Kazinform
Фото: Kazinform

Айта кетейік, Этноспорт мәдени фестивалін Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы дәстүрлі спорт түрлерін сақтай отырып, оларды дамыту мақсатында 6-шы жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жыл сайын аталған фестивальге миллионға жуық адам қатысады.