Қазақстандық DIGA Болашақ ойындарында PUBG бойынша жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық DIGA командасы «Болашақ ойындары-2026» халықаралық турнирінде PUBG: Battlegrounds дисциплинасы бойынша екінші ойын күнінің үшінші матчында жеңіске жетті.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Шешуші сәтте отандық киберспортшылар сауатты тактикалық ойын көрсетті. Команда матч соңына дейін төрт ойыншысының барлығын сақтап қалып, соңғы кезеңде Сауд Арабиясының Geekay командасын қыспаққа алып, жеңісті өз пайдасына шешті.

Жеңісті ойыннан кейін қазақстандық DIGA командасының ойыншысы Санжар Қалиев алғашқы күннен кейін ұжымның ойыны айтарлықтай жақсарғанын айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

– Бірінші күн біз үшін бейімделу кезеңі болды. Қарсыластардың ойын мәнерін зерттеп, лоббиге үйренуіміз керек еді. Бұл біз үшін осындай ауқымды LAN-турнирдегі алғашқы тәжірибе әрі үлкен мәртебе. Екінші күні бірден жеңіске жеткен соң өзімізді әлдеқайда сенімдірек сезіндік. Бұған ең алдымен тыңғылықты дайындық көмектесті. Сонымен қатар командада мықты IGL, оны қолдайтын тәжірибелі рифлер және тағы бір үздік ойыншы болуы қажет. Барлығын шешетін нәрсе – ойыншылар арасындағы өзара үйлесім. Нағыз мықты команданың формуласы осы, – деді ол.

Санжар Қалиевтің айтуынша, шешуші матчта команда ойын аймағының тиімді орналасуын сәтті пайдаланып, алдын ала жоспарланған тактиканы жүзеге асырған.

– Аймақ бізге қолайлы болды. Өз позициямызды бекітіп, ол жерге ешкімнің келмейтініне көз жеткіздік. Соның арқасында соңғы матчта жеңіске жеттік, – деді ойыншы.

Киберспортшы өз мансабының қалай басталғанын да еске алды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

– PUBG ойынын сегіз жылдан бері ойнаймын, оның алты жылын кәсіби деңгейде өткіздім. Барлығы кездейсоқ басталды. Бір күні PUBG ойынын іске қосып көрдім, ұнап қалды. Кейін турнирлерге қатыса бастадым. Бүгінде осындай халықаралық жарыста өнер көрсетіп жүрмін, – деді Санжар Қалиев.

Сөз соңында ол қазақстандық жанкүйерлерге алғысын білдірді.

– Бізді қолдап, аренаға келіп, матчтарды тамашалап, жанкүйер болып жүрген баршаңызға үлкен рақмет. Біз бәрін көріп отырмыз және бұл бізге үлкен күш береді. Қолымыздан келетін ең үздік ойынды көрсетуге тырысамыз, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін, Болашақ ойындарына PUBG бойынша Қазақстан атынан жалғыз команда қатысатынын жазған едік.