Қазақстандық дизайнерлер Қытайда жаңа топтамаларын таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық дизайнерлер Республика күніне орай Қытай астанасында ұлттық мұра мен бай мәдениетті заманауи эстетика және премиум стильмен үйлестірген жаңа топтамаларын таныстырды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

«Алтын дала — Жібек жолының жаңғырығы» сән көрсетілімінде қазақстандық дизайнерлер халықаралық көрермендер мен жоғары сәнді бағалайтын қауымға авторлық туындылары мен бірегей бұйымдарын ұсынды.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Қазақстандық кутюрьелердің Қытайға сапарын ұйымдастырған QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары Айнұр Әмірбекова креативті индустрияны ілгерілету отандық өнімдердің сыртқы нарыққа жүйелі түрде шығуына бағытталғанын атап өтті.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

— Біздің дизайнерлер ұлттық дәстүрлерді әлемдік сән үрдістерімен сәтті үйлестіреді. Әр брендтің артында өзіндік тарихы, шығармашылық идеясы және кәсіпкерлік батылдығы тұр. Отандық сән индустриясының халықаралық аренаға, соның ішінде Қытай нарығына шығу әлеуеті жоғары деп есептейміз. «QazTrade» өз кезегінде өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырып, олардың бизнесін шетелде кеңейтуіне, сенімді серіктестер табуына және өнімдерін ілгерілетуіне көмектеседі, — деді ол.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Оның айтуынша, мұндай іс-шаралардың мақсаты — шетелдік серіктестермен тұрақты ынтымақтастық орнату. Бұл бағытта «QazTrade» компаниясының Бейжіңдегі серіктестік кеңсесі белсенді жұмыс істейді. Бұдан бөлек, жақын арада «Алтын дала» сауда үйі ашылады. Ол Қазақстан өнімдерін тұрақты таныстыратын және тікелей экспорттық жеткізілімдерді дамытуға мүмкіндік беретін алаңға айналады.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

— Бүгінгі көрсетілім қазақстандық «Сандық» мейрамханасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Соның арқасында Қазақстанды сән мен дизайн арқылы ғана емес, ұлттық тағамдары арқылы да таныстыруға мүмкіндік туды. Қазақстанның Қытайдағы елшілігі мен Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығының қолдауы бұл бастаманы жүзеге асыруға жол ашты. Осылайша, мәдени дипломатия мен экспортты дамыту міндеттері өзара ұштасты, — деп түйіндеді Айнұр Әмірбекова.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Жобаның креатив директоры Сәбина Жиенбаеваның айтуынша, сән көрсетілімі қазақстандық сән индустриясының үздік өкілдерін бір алаңға жинады.

— Бізге аса талантты дизайнерлер келді. Шоудың негізгі мақсаты — Қытай көрермендеріне елімізде дизайн индустриясы қарқынды дамып келе жатқанын және бірегей брендтер көп екенін көрсету. Алдағы уақытта мұндай жобалар көбейеді деп үміттенеміз, — деді ол.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Сән көрсетілімінің артында қазақстандық кутюрьелер Қытай астанасына сапары туралы әсерін бөлісті.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

BAY брендінің негізін қалаушы Бану Ғайдар топтамасының қазақ дәстүрлеріндегі терең мағыналардан шабыт алғанын айтты. Киім дизайнында, соның ішінде футболкаларда, өсу мен ынтаны білдіретін «құс қанаты», береке мен молшылықтың нышаны саналатын «қошқар мүйіз» және отбасы ошағын бейнелейтін киіз үйдің бейнесі қолданылған.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

— Біз Атырауда туып-өскенбіз және күнделікті киюге ыңғайлы заманауи киім арқылы ұлттық мәдениетімізді насихаттауға тырысамыз. Бренд өнімдері Бейжіңдегі «Алтын дала» сауда үйінде сатылып, сұранысқа ие болып отыр. Сондай-ақ АҚШ пен Еуропадағы диаспора өкілдері арасында да танымал. Өнімдеріміз Германия, Солтүстік Македония және Оңтүстік Кореяда ұсынылған. Жақында Оңтүстік Кореяда біздің шоурум ашылды. Бейжіңге сапардан күткен үмітіміз толық ақталды, — деді ол.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Өз атымен аталатын брендтің негізін қалаушы әрі дизайнерлер әулетінің үшінші буынының өкілі Медина Сақтағанованың айтуынша, ол Бейжіңде 2023 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте өткен сән көрсетілімінің жетістігін қайталай алды. Дефиледе қазақтың дәстүрлі этностилі мен заманауи сән үрдістерін ұштастырған топтама ұсынылды. Көрсетілімнің шарықтау шегі қалыңдықтың сәнді образы болды. Бренд Қытай нарығында әзірше ресми түрде ұсынылмағанымен, компания бұл елдегі қатысу аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.

— Бүгін біз топтамамызды Бейжіңде алғаш рет таныстырып отырмыз. Осы оқиғаға арнайы «Жібек диалогы» атты киім топтамасын әзірледік. Оның тұжырымдамасы мәдени кодтар, маталардың фактурасы, түсі мен түрлері арқылы визуал контенттегі заманауи қарым-қатынасты бейнелейді. Көрсетілімде жеті негізгі образ ұсынылды. Дефиле табысты өтті, — деді өз атымен аталатын брендтің негізін қалаушы әрі дизайнер Татьяна Ян.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Сәнді дизайнерлік киімдерден бөлек, көрмеде ұлттық болмысты бейнелейтін қазақстандық зергерлік бұйымдар да ұсынылды.

— Бұл — брендімізді халықаралық аренада алғаш рет таныстыруымыз. Біз Қазақстанда да зергерлік бұйымдар өндірісі бар екенін көрсеткіміз келді. Заманауи әшекейлер арқылы брендіміз еліміздің тарихы мен мәдени кодын сақтап, оны көпшілікке таныстырады. Қытайда да жергілікті өндірушілер ұлттық құндылықтарды заманауи дизайнмен ұштастыратынын байқадық. Философиямыздағы осы ортақтық ынтымақтастыққа берік негіз қалайды. Біз серіктестік байланыстарды дамытып, халықаралық нарыққа шығуға үміттіміз, — деді Kazyna Gold зергерлік үйінің директоры Гүлмира Әбрахманова.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Сән индустриясының қытайлық өкілдері көрсетілім кезінде оның өздеріне ерекше әсер қалдырғанын айтып, қазақстандық дизайнерлердің деңгейі мен Қытай нарығындағы қатысуын кеңейту мүмкіндіктерін жоғары бағалады.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Этнотақырып пен дәстүрлі зергерлік әшекейлерге басымдық беретін брендтерге Қытай нарығына шығу стратегиясын мәдени әралуандығы мен ұлттық азшылықтардың дәстүрлері бай өңірлерден бастауды ұсынды. Бұл өнімдерді жергілікті аудиторияның сұранысына барынша үйлесімді бейімдеуге мүмкіндік береді.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Еске салайық, бұған дейін Анкарада ТҮРКСОЙ ұйымының IX Әйелдер және этно-сән апталығы басталғанын хабарлағанбыз. Оған түркі әлеміндегі мемлекеттер мен өңірлердің дизайнерлері және мәдениет өкілдері жиналды.