ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстандық спортшы, 17 жастағы Жібек Құлымбетова джиу-джитсу мен грэпплингтен 11 дүркін әлем чемпионы атанды.
Спортшының өзі Инстаграмм әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім еткеніндей, Грекияның Ираклион қаласында өткен дүниежүзілік додада Ju jitsu newaza бөлімі бойынша үздік шыққан.
Аталмыш чемпионатқа әлемнің 56 елінен 2 031 спортшы қатысып, бақ сынаған,
Жібек Грекия, Израиль, Франция, БАӘ және Моңғолия елдерінен келген мықты қарсыластарынан басым түсіп, өзінің салмағында теңдессіз екендігін тағы бір дәлелдеді.
Жібек Құлымбетова қазақ еліндегі қолдаушыларына алғысын білдіріп, көк байрақты жоғары көтеріп, жеңіске жеткеніне қуанышты екендігін жазды.
Осылайша, Жібек небәрі 17 жасында джиу-джитсу мен грэпплингтен11 дүркін әлем чемпионы атанып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құлымбетованың джиу-джитсу мен грэпплингтен он дүркін әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).