100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Санжар Ерұланұлы финалда Жапония өкілі Шокей Хираноны жеңді.
Ол чемпионат барысында Германия балуаны Даниил Спиридоновты, Италия өкілі Франческо Маццонды, ширек финалда Әзербайжан спортшысы Давуд Намазлиді, ал жартылай финалда Испания өкілі Никита Юдановты ұтты.
Осы салмақта тағы бір қазақстандық дзюдошы Асқар Біржанов қола медаль иеленді. Ол үшінші орын үшін өткен белдесуде испаниялық Никита Юдановтан басым түсті.
Асқар Біржанов жарыс барысында Үндістан өкілі Харш Шарманы және Литва спортшысы Маюс Генисті жеңіп, ширек финалда жапониялық Шокей Хираноға есе жіберді. Кейін жұбаныш белдесуінде Ресей өкілі Владимир Досякты ұтып, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
– Санжар Ерұланұлы — Қазақстан тарихындағы жастар арасындағы әлем чемпионатының жеке жарысында алтын медаль жеңіп алған үшінші дзюдошы. Бұған дейін Елдос Сметов 2010 жылы, ал Магжан Шамшадин 2015 жылы әлем чемпионы атанған. Осылайша, қазақстандық дзюдо 11 жылдық үзілістен кейін жастар арасындағы әлем чемпионатының алтынына қол жеткізді, – делінген ақпаратта.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.
Ташкенттегі жастар арасындағы әлем чемпионатына 82 елден 594 спортшы қатысып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Санжар Ерұланұлы 2025 жылы Таразда өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында 100 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанған еді.