Қазақстандық дзюдошылар 18 маусымда әлем чемпионатын сәтсіз аяқтады

Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM - Мажарстан астанасы Будапештте өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан 18 маусымда сынға түскен екі балуан да жүлдеден тыс қалды.

Ел құрамасынан Нұрлыхан Шархан (100 келі) алғашқы кездесуінде түркіменстандық Баймұрат Мажаноты «иппон» ұпайымен сенімді жеңсе, одан кейін бразилиялық Леонардо Гонсалвезге есе жіберді.

Аталған салмақтағы тағы бір отандасымыз Марат Байқамұров алдымен кубалық қарсыласы Зали Рамиреске ауырту әдісін сәтті пайдаланып, «иппон» ұпайымен жеңіске жеткен еді. Одан кейін

Мараттың келесі қарсыласы Париж Олимпиадасының чемпионы, әзербайжандық Зелим Коцоевтен айласын асыра алмады.

Енді ел құрамасынан 19 маусымда Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) жүлдені сарапқа салады.

Қазірге дейін әлем чемпионатында ел құрамасынан Әбиба Әбужақынова (48 келі) күміс жүлдегер атанса, Мағжан Шамшадин (60 келі), Шерзод Давлатов (60 келі), Ғалия Тынбаева (48 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Есет Қуанов (72 келі), Эсмигүл Куюлова (63 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Мейірлан Максим (90 келі) жарысты ерте аяқтады.