АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында екінші жарыс күні Қазақстаннан екі спортшы рингке шықты.
Алдымен Оразбек Асылқұлов 57 келіге дейінгі салмақта малайзиялық Мохамад Зүльхайнмен жұдырықтасты.
Қазақстандық боксшы қарсыласын екінші раундта-ақ мерзімінен бұрын, нокаутпен ұтты.
Оразбек енді ¼ финалдық кездесуін 5 желтоқсан күні өткізеді.
Сондай-ақ Бейбарыс Жексен 60 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Дилшод Абдумуродовпен қарсы келді. Бірінші раундта Бейбарыс 3:2 есебімен алда тұрды. Екінші кезеңде төрешілер басымдықты түгелдей Б.Жексенге берді. Қорытынды есеп – 4:1, Бейбарыстың пайдасында.
Осылайша, Бейбарыс Жексен де ширек финалға жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында жарыс басталмай жатып Қазақстанның 6 медальға қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Дулат Бекбауов Азия чемпионатының ¼ финалына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).